Ислам

Автор: Адилова Фарида Ауелхановна
Қазақ даласына ислам діні VII ғасырдың басында арабтардың Орта Азияны бағындыруы нәтижесінде кіре бастады. Шындығын айтқанда, ислам діні Қазақстанға күштеп енгізілген жоқ. Қазақстанда сол дәуірде қалыптаса бастаған феодалдық қатынастарға ислам дінінің кері әсері болмай, қайта ол феодалдық қарым-қатынастарды жандандыра түсетінін көре білген феодалдық үстем тап иелері ислам дінін қуана қарсы алды. Өйткені бұрыннан келе жатқан шаман діні феодалдардың талап-тілегін, мақсат-мүддесін қанағаттандыра алмады. Ал ислам діні болса халықты рухани жағынан болсын, саяси жағынан болсын мығым ұстай алатын мемлекеттік дін бола алды. Осындай тиімді жақтарына қарамастан қазақ тайпалары өзінің бұрыннан келе жатқан шаман дінін, ата-баба аруағын қастерлеуді ұстанып, ислам діні қағидаларына мән бермеді. Академик Бартольд В. В.: «ХІІІ ғасырдың басында мұсылман Хорезм билеушілері мұсылман емес Сырдариядағы және Торғай облысындағы қыпшақтармен соғысуына тура келді,» /1, 23-б/ — деп жазуына қарағанда, сол кездерде қазақ тайпаларының басым көпшілігі әлі мұсылмандық жолға түсіп, ислам дінін қабылдамаған сияқты. Рузбиханның жазуына қарағанда, қажет десеңіз XVI ғасырдың өзінде де қазақтар пұтқа табынушылар деп танылып, оларға қарсы «ғазауат» соғысына шығуды талап еткен. Өйткені шариғат заңдарын араб миссионерлері үндеп, үгіттеп, насихат жүргізгендеріне қарамастан, халық ата-баба аруағына, тәңірге, жұлдыз-айға ұзақ уақыт бойы сиынды. Ата-баба аруағына сиыну бәлекеттен сақтап, өздеріне бақыт, молшылық, жақсылықтар әкеледі, мал басының аман болуына, өсіп-өнуіне көмектеседі деп, сол үшін олар аруақты разы етуге тырысты. «Аруақ аттаған оңбас» деп аруақты ұмытпады… /2,132-б/
Әбу Ханифа жол салған суниттік ағым басқаларына қарағанда көнімпаз, басқа халықтардың әдет-ғұрып заңдарына бой ұсынғыш болуы себепті қазақ тайпаларына да өте тиімді болды. Сондықтан да қазақтардың әдет-ғұрпы өз кезегінде ислам діні шариғат заңдарын кері итеріп тастамай, қайта феодалдық қарым-қатынастың жандануына игі әсер ететін шариғат заңдарын қабылдап алды. Сөйтіп, екі наным ұзақ мезгіл бойы бір-біріне зиян келтірмей, қатар өмір сүрді. Сол себепті де қазақтардың әдет-ғұрпы көбіне өзінің бұрынғы болмысын сақтап қалды. Билер қазақтардың қоғамдық маңызы зор мәселелерінің көпшілігін ежелден келе жатқан бұрынғы ата-бабалары әдет-ғұрып заңдары бойынша талқылап шешті. Ал өз кезегінде араб миссионерлері де қазақ тайпаларының тілін, әдет-ғұрпын, сенімдерін, праволық нормаларын, мәдени жетістіктерін лақтырып тастамай, санасуына тура келді. Бұлардың бәрін исламға қайшы келмейтіндей етіп, қырын жатқызуға тырысты

статья Адилова Ф.docx