Табиғат тағдыры – адам тағдыры (эссе)

Автор: Нурмуханбетулы Махамбет
«Табиғат тағдыры – адам тағдыры» (эссе).

Нұрмұханбетұлы Махамбет
Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы
Сапақкөл орта мектебінің
7 сынып оқушысы

«Табиғаттың байлығы – барша келер ұрпақтың игілігі. Бәріміз ондай байлық қолымызда, сол себепті өмір сүріп, жұмыс істеуге тиіспіз.»
Н.Ә.Назарбаев

Табиғаттың тарылтпайық мөлдір таза тынысың,
Пәк табиғат әр жүректің тамылжыған жырысың.
Ей, адамзат, ақылға сал, қатігездік жасама,
Өзің дағы содан тудың, табиғаттың ұлысың!- дей отырып, бүгінгі таңда адамзатты ерекше алаңдатып отырған зор мәселенің бірі – қоршаған ортаның, табиғаттың жай-күйі. Табиғат – тіршілік атаулының алтын ұясы, аялы бесігі, құтты қонысы мен өсіп-өнер мекені. Адам – табиғаттың бір бөлшегі. Табиғат, Жер – Ана, Отан, Туған Жер, Атамекен деген сөз адамның құлағына жылы тиіп, жүрекке қуаныш әкеледі. Адам – Жер-Ананың перзенті. Табиғатты, Жер-Ананы сүйе білу, оны қорғау, аялау, табиғи байлықтарды үнемді пайдалану – әр адамның азаматтық борышы, міндеті. Табиғат – адамның күнкөріс көзі. Бірақ оны есеп-қисапсыз төгіп-шашып, ластап, бүлдіріп пайдалануға тиіс емеспіз. Табиғатты ластайтын – адамдар, өзіміз. Сондықтан да біз, қай-қайсымыз болсақ та, біздің мақсатымыз да, міндетіміз де адамдардың экологиялық ойлауын қалыптастыру, оларға экологиялық тәрбие беру. Экологиялық білім отбасында, балабақшада, мектептерде, кәсіпорындарда беріледі. Отбасынан бастап табиғатқа мейірбандықпен қарауға, оны бүлдірмеуге, суық қолдардың түрлі зиянкестіктер жасауға жол бермеуге тәрбиелеу арқылы қайта қалпына келтіруге болады.
Табиғат пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың үйлесімді дамуы әрбір адамның денсаулығына, физиологиялық өсіп-жетілуіне ауадай қажет екендігін әрбір адамның көз жеткізуі тиіс, және ол бүгінгі таңның өзекті мәселесі. XXI ғасырда экологиялық қиын жағдайда қалып отырмыз. Планетада өсімдіктер мен жануарлардың түрлері азайып, су қоймалар былғанып, тіршілігінен айырылуда. Қалалардың ауасы санитарлық қалыпқа сай келмейтіндей бұзылды. Экология – бүкіл адамзат баласының шалыс басқан әрбір іс-әрекетіне келешекте шек қоятын, оның тыныс-тіршілігіне қоян-қолтық араласатын жаңа ғылым саласы. Айнала қоршаған ортаны кесапат жағдайлардан, небір көлденең оқиғалардан сақтауға, табиғатпен арадағы тепе-теңдікті қалпына келтіруге бағытталған маңызды мемлекеттік шара. Онсыз ілгері басуымыз, толыққанды өмір сүруіміз, парасатты ұрпақ өсіруіміз екіталай. Әрбір адам экологиялық білімді білуі керек, ол үшін мыналарды білуі шарт:
1. Туған өлкеге деген сүйіспеншілік сезімі, бауырмалдылық, адамгершілік қасиетті қалыптастыруы керек.
2. Табиғатты аялауға, қастерлеуге ұқыптылықпен қарауға тиіс.
3. Қоршаған ортаны қорғай, сақтай білуі керек.
4. Қоғамның материалдық және рухани байлықтарының қайнар көзі – табиғат.
Сондықтан табиғат пен адамның іс-әрекетіне құндылықпен әр адам қарауға тиіс. Жергілікті жердің ішкі сыртқы экологиялық жағдайын білу. Адам өмірі сумен тығыз байланысты. Сусыз – өмір жоқ.
Біз жас ұрпақ – табиғат қорғаны. Атадан балаға мирас болып келе жатқан табиғатымызды көздің қарашығындай сақтап, анамыздай аялап келер ұрпаққа таза күйінде қалдыруымыз керек. Табиғат – адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағатын ұялататын сұлулық пен әсемдік әлемі.
Осы эссемді қорыта келе, адам табиғатқа мейірімділікпен, сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен қарап, үйлесімділік сақтағанда, адамзат баласы үшін табиғат – кең сарай, мәңгі тозбас құтты қоныс болады. Жер бетіндегі барлық тіршілік атаулы табиғат-анаға қарыздар. Сондықтан да Табиғатқа немқұрайлы қарау, онымен санаспау – ана сүтін ақтамағанмен пара-пар. Адам баласы Табиғаттың ең ұлы перзенті болумен бірге, ең ұлы қамқоршысы да екенін ешқашан естен шығармауымыз керек.

Жетекші: биология пәні мұғалімі Абдрахманов Ғ.Х
Табиғат тағдыры – адам тағдыры.docx